Accessibility links

Франция Украинаға 10 жыл ішінде 100 Rafale жойғыш ұшағын беруге келісті


Зеленский мен Макрон Rafale ұшағының алдында ниеттестік декларациясына қол қойып отыр. Париж түбіндегі Виллакубле әскери аэродромы. 17 қараша 2025 жыл.
Зеленский мен Макрон Rafale ұшағының алдында ниеттестік декларациясына қол қойып отыр. Париж түбіндегі Виллакубле әскери аэродромы. 17 қараша 2025 жыл.

Дүйсенбі, 17 қараша күні Париж бен Киев Украинаның қорғанысын күшейту жөніндегі ниеттестік декларациясына қол қойды. Оның аясында алдағы 10 жылда Франция Украинаға 100 Rafale жойғыш ұшағын береді.

"Бұл әуе шабуылынан қорғайтын ең қуатты жүйе болмақ. Әлем бойынша ең қуаттыларының бірі болады" деді Украина президенті Владимир Зеленский Виллакубле әскери аэродромында декларацияға қол қойғаннан кейін.

Келісім аясында Dassault компаниясы шығаратын ұшақтан бөлек әуе шабуылынан қорғау жүйелері, зымырандар мен дрондар да қарастырылған.

Ресми Париж келісімді растап, қару-жарақ Франция қорынан емес, Украина үшін бөлек әзірленетінін мәлімдеді.

"Біз 100 Rafale жойғыш ұшағын жоспарлап отырмыз. Бұл – өте үлкен көлем. Украина әскерінің өрлеуіне қажеті де осы еді" деді Франция президенті Макрон LCI TV телеарнасына бұл келісім Франция үшін де, Dassault компаниясы үшін де жақсы жаңалық екенін атап өтіп.

Осы жаңалықтан соң Dassault компаниясының акциялары 7,4 пайызға қымбаттады.

Зеленский Францияға барды, Трамптың "Мәскеуге қарсы" тізімі. Соғыс жаңалықтары
please wait

No media source currently available

0:00 0:09:24 0:00

Ниеттестік декларациясы дегеніміз – сатып алу келісімі емес, деді ресми Париж, ол келісім кейінірек жасалатынын ескертіп. Келісімді Еуроодақ бағдарламалары мен Ресейдің бұғатталған активтері есебінен қаржыландыру қарастырылып жатыр. Бірақ Еуроодақ әлі Ресейдің бұғатталған активтері жөнінде ортақ шешімге келе қойған жоқ.

Бір ай бұрын Украина дәл осындай ниеттестік келісімін Швециямен де жасасқан. Ол бойынша, Киев Стокгольмнен 150 Gripen ұшағын алмақ болған.

Ресей агрессиясына тойтарыс беріп жатқан Украина әуе шабуылынан қорғаныс жүйесін күшейтіп, Ресейдің бұл саладағы үстемдігіне төтеп бергісі келеді.

Зеленский Парижде құжаттарға қол қойып жатқан тұста Кремль Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ президенті Дональд Трамп арасында екінші саммит өткізуге ниетті екенін мәлімдеді.

Алғашқысы биыл тамызда Аляскада өткен. Украинадағы соғысты аяқтауға арналған бұл кездесу ешқандай нәтиже бермеген. Іле шала Мәскеу мен Вашингтон делегациялары бірнеше қайтара келіссөз өткізіп, қос ел басшысы Будапештте тағы бір рет кездесуі керек болған. Бірақ кездесу өтпейтін болып, АҚШ Ресейдің ірі мұнай компаниялары "Роснефть" пен "Лукойлға" санкция жариялады.

8 қараша күні Трамп Ресейдің соғысты аяқтауға деген ниетін көрмей тұрғанын, бірақ алғышарттар орындалса, екінші саммиттің Будапештте өткенін қалайтынын мәлімдеді. Ал 16 қарашада АҚШ президенті Конгресс әзірлеп жатқан санкция шараларын қарастыруға дайын екенін айтты. Бұл шаралар "Ресеймен бизнес жүргізетін кез келген елді" қамтымақ.

XS
SM
MD
LG