Қаңтар оқиғасында "Алматы әуежайын басып алмақ" болды деп 4 жылға сотталған белсенді, журналист Әйгерім Тілеужанның адвокаты Айнара Айдархан қамау орнынан ауруханаға еткізілген Тілеужанға өзін жолықтырмай отырғанын айтты.
"Әйгерім Тілеужанды әкелген ауруханада тұрмын. Айдауыл №10 мекеме басшысының орынбасары Қанатұлы Елзат деген біреудің бұйрығына сілтеп, мені кіргізбей қойды. Олар қай заңға сүйеніп отыр? БАҚ өкілдерінен қолдау көрсетуді және адвокаттың қорғалушысына кіруіне тыйым салуға қандай бап негіз болатынын сұрауды өтінемін", - деп жазды адвокат 17 қарашада Facebook парақшасына.
Биыл қазан айында адвокат Айнара Айдархан Алматыдан 40 шақырым жердегі Жауғашты ауылындағы №10 әйелдер колониясында жазасын өтеп жатқан Әйгерім Тілеужанның денсаулығы нашарлап кеткенін айтып, дабыл қаққан. Ол Тілеужанға қамау мекемесінің медициналық көмегі жеткіліксіз екенін айтқан еді.
Жауғаштыдағы №10 мекеме барлық сұрақты Алматы облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қоюға кеңес берді. Облыстық ҚАЖД мекеме басшылығына сұрақты жазбаша жолдау қажетін айтып, өзге жауап бермеді.
Кәсіби аудармашы, журналист әрі белсенді Әйгерім Тілеужан "Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы әуежайда тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айыппен 2023 жылғы 11 шілдеде 4 жылға сотталған. Ол өзіне тағылған айыптардың саяси астары барын айтып, жоққа шығарған.
Сот Әйгерім Тілеужанмен бірге тағы төрт адамды айыпты деп танып, әрқайсын 8 жылға бостандығынан айыру және жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтеу жөнінде үкім кескен. Оларға "тәртіпсіздік ұйымдастыру", "ғимаратқа шабуыл жасау", "көлікті айдап кету", "тонау" баптары бойынша айып тағылған. Сотталғандар үкімге келіспеді. Құқық қорғаушылар істің саяси астары бар деп біледі.
2023 жылғы 14 қарашада Алматы қаласының соты "Әуежайды басып алу" ісі бойынша шығарылған үкімді күшінде қалдырған. Ал 2024 жылы шілдеде Жоғарғы сот "Алматы әуежайын басып алу" ісін қайта қарауға "негіз жоқ" деп ұйғарым шығарды.
Қазақстандық құқық қорғаушылар Әйгерім Тілеужанды саяси тұтқын деп таныған. Өкімет елде саяси тұтқын да жоқ, саяси көзқарасына бола қудалауға түскен де ешкім жоқ дейді.