Accessibility links

АҚШ-та Республикалық партия Ресейге жанама санкция салатын заң жобасын пысықтап жатыр


АҚШ президенті Дональд Трамп
АҚШ президенті Дональд Трамп

АҚШ Конгресіндегі республикашыл заң шығарушылар Ресеймен бизнес жасайтын кез келген мемлекетке санкция салуды көздейтін жаңа заң жобасын әзірлеп жатыр. Бұл туралы өткен демалыста АҚШ президенті Дональд Трамп мәлімдеген.

"Олар бұл тізімге Иранды да қосуы мүмкін. Мен соны ұсындым. Осылайша, Ресеймен қандай да бір сауда жасайтын кез келген ел өте қатаң санкцияларға ұшырайды", – деді Трамп.

Қазір америкалық кейбір сенаторлар қос партия ұсынған санкция туралы заң жобасын қабылдап, оған президентті қол қоюға көндіруге қайтадан талпынып көрмек деп жазды Reuters. Ол құжат Ресейдің мұнай-газ секторымен жұмыс істейтін халықаралық компанияларға санкция салуды және ресейлік мұнай мен газды сатып алатын елдерге кеден бажын енгізуді қарастырады.

Биыл қазан айының аяғында Вашингтон Ресейдің ірі мұнай өндірушілері — "Роснефть" пен "Лукойл" компанияларына қарсы санкция енгізді. Бұл — Трамптың Ақ үйге оралғаннан кейін Мәскеуге қарсы енгізілген алғашқы шектеулер еді.

Өткен аптада АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Ресейдің Украинаға соғыс ашқанына байланысты Вашингтон Мәскеуге ары қарай санкция салу мүмкіндігін іс жүзінде түгескенін айтты. Оның сөзінше, кейінгі санкциялар пакеті Ресейдің ең ірі мұнай компанияларына қарсы бағытталған, алайда олардың нақты әсері сезілуі үшін біршама уақыт қажет болмақ.

Республикашыл Линдси Грэм мен демократ Ричард Блюменталь биыл көктемде Ресейге қарсы жанама санкциялар енгізу туралы екі партияның ортақ заң жобасын дайындап ұсынған. Құжатта Ресей мұнайы, газы немесе уранын сатып алуды жалғастырып отырған елдерге 500 пайыз мөлшерінде кеден бажын енгізу, сонымен бірге Ресей уранын сатып алатын кез келген мемлекетке санкция салу қарастырылған. Бастаманы 100 сенатордың 80-нен астамы қолдады.

Жазда Грэм Трамп бұл заң жобасын қолдауға дайын деген еді. Ол жобаны сенат қарамақшы еді, алайда Ресей мен АҚШ президенттерінің Аляскадағы саммитінен кейін процесс уақытша тоқтады. Bloomberg дерегінше, сенат құжатты қарауды Будапештте өтеді деп жоспарланған екі ел басшыларының келесі кездесуіне дейін ысыра тұруды жөн көрген, бірақ кейін ол кездесу өтпейтін болды.

XS
SM
MD
LG