Accessibility links

Батыс Қазақстан облысында жолдағы көлік апатынан сегіз адам опат болды


Батыс Қазақстан облысында облыстық маңызы бар Чапай – Жаңақала – Сайқын автожолының 50-шақырымында сегіз адам жол-көлік оқиғасы салдарынан қаза болды деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Полицияның дерегінше, 17 қараша күні қарама-қарсы бағытта кетіп бара жатқан Toyota Camry және Volkswagen Sharan маркалы екі жеңіл көлік бетпе-бет соқтығысып қалып, бір көлік жанып кеткен. Сегіз адам сол жерде тіл тартпай кеткен, түрлі дәрежеде жарақат алған төрт адам ауруханаға жеткізілген.

Полиция көп адамның қазасына апарып соққан көлік апатына байланысты қылмыстық іс қозғады. Алдын ала тергеу болжамы бойынша, көліктердің бірі жолдың қарама-қарсы бағытына шығып кетіп, қарсы келіп қалған көлікпен соқтығысқан болуы мүмкін. Полицияның айтуынша, көлік апаты болған сәтте ауа райы мен жолдың жағдайы қанағаттанарлық болған: күн жарық болған, көлік қозғалысына кедергі келтіретіндей ештеңе болмаған.

"Оқиға орнында полиция қызметкерлері, жедел-тергеу тобы және ТЖД бөлімшелері жұмыс істеп жатыр. Жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайы тергеу барысында жан-жақты зерттеледі. Полиция жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды ескертеді. Әсіресе адам тасыған кезде кез келген ереже бұзу жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіреді", — ескертеді БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Биыл күзде Қазақстанда жол апатынан қаза тапқандар саны ондаған адамға жетіп отыр. 4 қараша күні Шығыс Қазақстан облысы аумағындағы жолда көлік апаты салдарынан бес кісі қаза тауып, бір адам зардап шекті. 23 қазан күні Ақтөбе өңірінде Самара-Шымкент бағытындағы жолда жүк көлігі мен "Газель" автомобилі соқтығысқан. Апат салдарынан 12 адам мерт болды, арасында кәмелетке толмаған екі бала бар. 3 қазанда Абай облысында Омбы-Майқапшағай тас жолында болған жол апатынан 4 адам көз жұмды.

14 қыркүйекке қараған түні Алматы-Өскемен тас жолында үш көлік соқтығысып, 10 адам қаза тапты. Содан бір күн бұрын Қарағанды – Аягөз – Боғас бағытындағы жол бойында Ford Mondeo көлігі қарсы бетке шығып кетіп, Changan көлігіне соғылған. Салдарынан бес адам опат болды. 11 қыркүйекте Маңғыстау облысында минивен аударылып, 10 адам қазаға ұшырады.

Ішкі істер министрлігінің дерегі бойынша, Қазақстанда жыл сайын орта есеппен 2500 адам жол апатынан қаза табады. Елде 1991 жылдан бері жол-көлік апатынан опат болған адам саны бірде 4 мыңға өсіп, бірде 2 мыңға дейін кеміп отырған. Кейінгі төрт жылдағы есепке сәйкес, адам шығыны баяу өсіп келеді.

2022 жылы – 2425 адам;

2023 жылы – 2543 адам;

2024 жылы– 2579 адам қаза болған.

XS
SM
MD
LG