17 қараша күні Астанаға Эстония президенті Алар Карис мемлекеттік сапармен келді. Ақордада оны Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев күтіп алды. Мәртебелі қонақты қарсы алу рәсімінде құрметті қарауыл сап түзеп, екі елдің мемлекеттері әнұраны шырқалды деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Эстониялық әріптесімен кездесуде сөйлеген сөзінде Тоқаев Эстония – Қазақстанның маңызды стратегиялық серіктестерінің бірі екенін, екі елдің қарым-қатынасы қарқынды дамып келе жатқанын, мемлекеттер арасында түйткілді мәселе жоқ екенін айтып, өзара ынтымақтастық әлеуеті зор екенін, оны ілгерілете беру керек деген.
– Сіздің бұл сапарыңыз екіжақты ықпалдастығымыз бен достық байланыстарымызға тың серпін береді деп сенемін. Сауда саласында түрлі кедергілер бар екенін білеміз. Бірақ бұл бағыттағы бірлескен жұмыс алға жылжып келеді. Қазақстан Эстонияның теңіз порттарын пайдалануға, сауда-саттық көлемін арттыруға ниетті. Сондай-ақ халықаралық ұйымдар аясындағы, соның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымы, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі және басқа да құрылымдар шеңберіндегі сындарлы ықпалдастықты өрістетуге мүдделіміз, – деген Тоқаев.
Эстония президенті Алар Карис өз елінің Қазақстанмен қарым-қатынасын "өте жақсы деңгейде" деп сипаттап, дегенмен кейбір кедергілер барын, бірақ оны еңсеруге болатынын айтқан.
– Кейде біз түйткілдердің оңай шешілетінін аңғара бермейміз. Бизнес өкілдері қазірдің өзінде іскерлік қатынастар мәселесін талқылап жатыр. Бірнеше кездесу жоспарланған. Өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылмақ, бірқатар бастамаларды іске асыратын боламыз. Сондықтан келешегіміз жарқын екеніне сенімдімін, – деген Эстония президенті екі ел арасындағы жаңа байланыстар өзара ынтымақтастықты нығайтуға көмектеседі деп үміттенетінін білдірген.
Бұған қоса ол "әлемдегі геосаяси ахуал тұрақсыз болып тұрғанын" да айтқан.
– Дегенмен барлық проблеманы бірлесіп шешуіміз керек. Сіз БҰҰ туралы айттыңыз. Бұл – өте маңызды ұйым. Әлемде қақтығыстар мен соғыстар мейлінше аз болуы үшін ұйымға біршама реформа жасау қажет, – деген Алар Каристің сөзін келтірген Ақорданың баспасөз қызметі.
Дүйсенбі күні Қазақстан мен Эстония президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізіп, екі ел арасындағы сауда-инвестиция, цифрландыру, жасанды интеллект, көлік-логистика, өнеркәсіп кооперациясы, ауыл шаруашылығы, аса маңызды минералдар және білім-ғылым салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылаған.
Тоқаев 2005 жылдан бері Эстонияның Қазақстан экономикасына құйған тікелей инвестициясы 128 миллион доллардан асқанын, қазір елде 80-нен астам эстониялық компания логистика (CF&S Kazakhstan LLP), пошта қызметтері (Omniva) және цифрлық сервис (Bolt) салаларында жұмыс істеп жатқанын айтқан.
Алар Карис Қазақстанды Эстонияның Орталық Азиядағы ең маңызды экономикалық серіктесі деп атап, Эстония Қазақстан мен Еуропа Одағы нарықтары арасында қуана-қуана дәнекер болады деген.