Қазақстан билігі Беларусь азаматы, 26 жастағы Андрей Буримге іздеу жариялағаны Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есептер туралы порталындағы ақпараттан белгілі болды. Бұл туралы Tengrinews сайты хабарлады.
Mellstroy деген лақап атымен белгілі блогер әрі инфлюенсер Андрей Бурим ТМД кеңістігінде "трэш-стример" ретінде танылған, бұл жанрдағы контент көбіне шок тудыратын, кейде шектен шығатын іс-әрекеттерге негізделеді деп жазды басылым. Instagram, Twitch, YouTube сынды платформаларда оның парақшаларына миллиондаған қолданушы, негізінен жастар жазылған.
Ресми сайттағы ақпаратқа қарағанда, Буримді іздеуге Қаржы мониторингі агенттігі (ҚМА) мұрындық болған. Агенттік оған не себепті іздеу жарияланғаны жөнінде кейінірек хабарлайтынын мәлімдеді деп жазды Tengrinews.
Қараша айының басында Беларусь билігі Mellstroy-дың арналарын «экстремистік» деп таныған. Оған елдің бірнеше қаласындағы бұзақылық және заңсыз көпшілік шаралардың өтуіне стример ұйымдастырған "конкурс" түрткі болғаны айтылған.
Андрей Буримнің (Mellstroy) Қазақстан оған іздеу жариялағаны туралы ақпаратқа байланысты әзірге ешқандай пікір білдірген жоқ.