Accessibility links

Қазақстандағы алғашқы АЭС "Балқаш" атом электр станциясы деп аталмақ


Қазақстандағы алғашқы АЭС құрылысы жобасын ашу рәсімінде көрсетілген АЭС макеті. Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Үлкен ауылы, 8 тамыз 2025 жыл.
Қазақстандағы алғашқы АЭС құрылысы жобасын ашу рәсімінде көрсетілген АЭС макеті. Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Үлкен ауылы, 8 тамыз 2025 жыл.

Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясына үздік атау таңдау жөнінде биыл 25 қыркүйек пен 10 қазан аралығында eGov Mobile платформасында өткізілген бұқаралық конкурс аяқталды. Бұл туралы ақпарат 17 қарашада Қазақстанның Атом энергиясы жөніндегі агенттігі сайтында жарияланды.

Биыл 5 қыркүйекте құрамына қоғам өкілдері, креатив индустрия мамандары, атом энергетикасы, филология және тарих салаларының сарапшылары кірген конкурс комиссиясы құрылған. Конкурсқа 16 жастан асқан 27 157 Қазақстан азаматы қатысқан. Конкурс шарты бойынша, әр қатысушы бір ғана атау ұсына алады. Олардан елдегі алғашқы АЭС атауына байланысты 10 460 ұсыныс түскен.

Конкурс комиссиясының отырысында ең танымал 100 атау қаралған. "Балқаш" атом электр станциясы" атауын 882 адам ұсынған және ол танымалдығы бойынша қорытынды рейтингте бірінші орын алып, конкурс жеңімпазы деп танылған. Конкурс комиссиясы нысанның қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі атауларын да анықтады:

"Балқаш" атом электр станциясы";

"Атомная электростанция "Балхаш;

"Balkhash Nuclear Power Plant".

"Таңдалған атау атом электр станцияларын географиялық белгі бойынша атау жөніндегі халықаралық тәжірибеге де сәйкес келеді" деп хабарлады агенттік.

Биыл ақпанда Қазақстан үкіметі елдегі алғашқы атом электр станциясын салатын орынды ресми түрде бекітті – ол Алматы облысы Жамбыл ауданында, Балқаш көлінің жағасындағы Үлкен ауылының маңында тұрғызылмақ. 14 маусымда Қазақстан үкіметі алғашқы АЭС-ті Ресей салып береді деп мәлімдеді.

Кей эколог Қазақстанда АЭС салуға қарсы. Олар атом станциясы Балқаш көліне кері әсер етуі мүмкін дейді. Қоғам белсенділері мен саясаттанушылар да АЭС-ті Ресей салатын болса, Қазақстан оған энергия және саяси жағынан тәуелді болып қалады деп алаңдайды.

Ал ресми Астана Қазақстан қоғамына АЭС-ті таңдау шешімінің саяси астары жоқ деуге сендіруге тырысып келеді.

"Уран шикізатының, технологиялық процестерінің меншік иесі, операторы, өндірушісі Қазақстан болады", – деген Қазақстанның атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасы Алмасадам Сәтқалиев.

Қазақстан билігі АЭС салу туралы шешімді былтыр қабылдаған. Ол шешімді қабылдамас бұрын елде референдум өткізілді. Байқаушылар референдумға дауыс беру кезінде заң талаптарын бұзу фактілері тіркелгенін, мысалы, референдум бюллетеньдерін дауыс беру жәшігіне топтап тастау секілді жайттар анықталғанын хабарлаған.

Орталық референдум комиссиясының ресми қорытындысына сай, дауыс берген азаматтардың 71 пайызы Қазақстанда АЭС салуды қолдаған.

XS
SM
MD
LG