Accessibility links

Тоқаевтың Ташкентке сапары және Орталық Азия елдері әріптестігінің "жаңа дәуірі"


Орталық Азия мемлекет басшыларының жетінші консультативтік кездесуі. Ташкент, 16 қараша 2025
Орталық Азия мемлекет басшыларының жетінші консультативтік кездесуі. Ташкент, 16 қараша 2025

Ташкентте Орталық Азия мемлекеттері басшыларының 7-ші консультативтік кездесуі өтті. Оған Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан басшылары қатысты. Әзербайжан басшысы Илхам Әлиев "құрметті қонақ" ретінде қатысты.

Ақорданың хабарлауынша, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев саммит кезінде Орталық Азия ауқымды трансформация кезеңін өткеріп жатқанын айтып, консультативтік кездесудің тиімділігі дәлелденгенін атап өтті.

"Әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттері өңірдің жаһандық үдерістерде маңызды рөл атқаратынын мойындайды. Сондықтан «Орталық Азия плюс» форматына қызығушылық артып келеді. Бұған биыл негізгі шетелдік серіктестермен өткен саммиттер дәлел бола алады" деді Тоқаев саммит кезінде.

Ол былтыр өңірде сауда-саттық көлемі 11,5 миллиард долларға жеткенін, оны 20 миллиард долларға жеткізу қажеттігін алға тартып, көлік жүйесін дамытудың кешенді стратегиясын бірлесіп әзерлеуді ұсынды. Одан бөлек, аймақтағы су қауіпсіздігі мәселесін де айтты.

"Алдағы уақытта халықаралық стандарттарға сәйкес Орталық Азияның суды пайдалану жөніндегі негіздемелік конвенциясын қабылдауды ойластыруға болады. Мұндай құжат саладағы бірыңғай жұмыс қағидаттарын бекітіп, ықтимал қарама-қайшылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді" деді Тоқаев.

Өзбекстанның ақпарат құралдарының хабарлауынша, саммит кезінде Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияев кездесудің форматын “Орталық Азия қауымдастығы” стратегиялық платформасына өзгертуді және хатшылық, ақылдастар кеңесін құруды, ұлттық үйлестірушілердің мәртебесін асыруды ұсынған.

Бұған қоса, 2026-2036 жылдары Орталық Азия суын тиімді пайдалану бойынша пратикалық іс-қимылдардың он жылдығы деп жариялауды ұсынған.

Орталық Азия елдері Әмудария және Сырдария, Талас өзендерін бірігіп пайдаланады. Климат өзгеріп, су тапшылығы туындаған шақта жаз айларында суға қатысты аймақ елдері арасында дау туындап қалады. Тараптар бұған дейін де суды бірігіп тиімді пайдалану мәселесін қозғаған.

Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан президенттерінің жетінші консультативтік кездесуі бес елдің «өзара түсіністік пен серіктестік рухынан айнымайтындығын растауы керек» деп жазды Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияев осы аптада жариялаған «Орталық Азия жаңа дәуір табалдырығында» атты мақаласында. Онда саммит тұрақты және өзара байланысты Орталық Азияны қалыптастырудағы маңызды кезең болып табылатыны және елдердің бірлікке деген ұмтылысын атап өтетіні айтылған.

Мақалада Мирзияев сонымен бірге Орталық Азия елдері арасында ынтымақтастықтың нығайып келе жатқанын және аймақ елдері өзара «қабырға емес, көпір тұрғызып жатқанын» атап өткен.

Ол Орталық Азияда шекара мәселелері толығымен шешілгенін және еркін қозғалыс аймағын құру бойынша қадамдар жасалғанын жазды (Өзбекстан азаматтары Қырғызстанға жеке куәлікпен бара алады, ал Қырғызстан азаматтары Өзбекстанға ішкі құжаттарымен де кіре алады; Ташкент Қазақстан мен Тәжікстанмен осындай келісімдерді дайындап жатыр).

Автор мақалада Орталық Азия халықаралық саясатта елеулі ойыншыға айналғанын, Еуроодақ, Қытай, АҚШ, Ресей және өзге де елдермен "Орталық Азия+" форматында саммиттер өтіп жатқанын атап өтті.

"Орталық Азия сыртқы әріптестермен бірыңғай субъект ретінде тілдескен кезде оның үні барған сайын сенімді әрі қаттырақ естіледі" деді Өзбекстан басшысы.

Ташкентке бір күн бұрын барған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияевпен бірігіп өткізген жиында:

"Консультативтік кездесулер форматының нормативтік-құқықтық және институционалдық негізін нығайтуға бағытталған маңызды құжаттар қабылданды. Ертеңгі cаммит біздің сан қырлы ықпалдастығымызды дамытуда тағы бір маңызды кезең болатынына сенімдімін" деген.

Екі ел басшылары келесі жылы аймақ басшыларының кеңесін құруды жоспарлап отырғанын, ол әріптестікті күшейтетінін айтқан.

Орталық Азия мемлекеттері басшыларының бірінші консультативтік кездесуі 2018 жылы наурызда Астанада өткен. Ол саммит Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің бастамасы бойынша өткен еді. Оған Ашғабат әуелі парламент спикерін жіберді, ізінше Гурбангулы Бердімұхаммедовтің өзі барды. 2022 жылы президент қызметіне келген оның ұлы Сердар Бердімұхаммедов қазір Түркіменстан атынан саммитке қатысып жүр.

2019 жылы күзде Ташкенттегі саммитке Қазақстаннан президент Қасым-Жомарт Тоқаев емес, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан. Сол кезде оған консультативті кездесудің құрметті төрағасы мәртебесі берілген. Алайда Қанды Қаңтар оқиғасынан кейін экс-президенттің ықпалы әлсіреген кезде оның жұрт алдына шығуы сиреді, одан бері оның мәртебесі жөнінде де ешкім сөз қозғаған жоқ.

2020 жылы үшінші саммит Қырғызстанда өтуі тиіс болған, алайда кездесу коронавирус пандемиясына байланысты және елде биліктің ауысуына байланысты шегерілген. Ақыры Гурбангулы Бердімұхаммедовтің ұсынысымен консультативтік кездесу 2020 жылы тамызда Каспий жағалауындағы "Аваза" жағажай аумағында өтті.

Төртінші кездесу Қырғызстанның Шолпан Ата қаласында өтіп, онда Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан Достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Тәжікстан оған тек биыл ғана қол қойды. Ал Түркіменстан қол қоюдан бас тартқан.

2023 жылы Душанбеде өткен саммитке құрметті қонақ ретінде Әзербайжан басшысы Илхам Әлиев шақырылды. Ол 2024 жылы Астанадағы алтыншы саммитке де шақырылды.

Былтыр Астанада саммитке қатысушылар "Орталық Азия — 2040" атты аймақтық әріптестікті дамыту концепциясына қол қойды. Құжат Орталық Азия елдерінің бірлігін нығайтуды көздейді.

САММИТ АЛДЫНДАҒЫ КЕЛІССӨЗ

Саммит өтпей тұрып бір күн бұрын Қазақстан және Өзбекстан басшылары шағын форматта кездесу өткізді.

Мирзияев әкімшілігінің хабарлауынша, «энергетика, көлік, химия өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және су шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау және IT сияқты негізгі салалардағы өзара тиімді серіктестікті дамытуға ерекше назар аударылған».

Ресми Ташкент Тоқаевтың сапары «өзбек-қазақ стратегиялық серіктестігі мен одақтастық тарихындағы жаңа кезеңге жол ашатынын» атап өтті.

Ал Ақорда келіссөздің нәтижелері туралы өзбек жағына қарағанда жұтаңдау ақпарат таратты. Тоқаев әкімшілігі қарым-қатынастағы «жаңа кезең» туралы жазған жоқ. Ақорданың жазуынша, мемлекет басшылары "қазақ-өзбек стратегиялық серіктестігі мен одақтастығын одан әрі дамыту перспективасын егжей-тегжейлі" талқылаған. Сауда, өнеркәсіп кооперациясы, көлік-логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы, су ресурстары секілді басым бағыттардағы, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық салалардағы ықпалдастықты нығайту мәселелерін қарастырған.

Ақорданың хабарлауынша, 15 қарашада Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзияев бірлескен жобаларды іске қосу рәсіміне де қатысқан. Тараптар өнеркәсіп, құрылыс, мұнай-газ химиясы, қаржы, логистика және туризм салаларында жалпы құны 1,2 миллиард доллар болатын 7 жоба әзірлеген.

"Атап айтқанда, Сырдария және Түркістан облыстарында «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіп кооперациясы орталығы, Ташкентте «Tenge Bank» бас кеңсесі қызметіне кірісті. Сондай-ақ Ташкент облысында көпбейінді логистика орталығының, Жаңа Ташкентте «Астана» тұрғын үй орамының, Қашқадария облысында алкилбензол өндіретін мұнай-газ химиясы кешенінің, Жаңа Ташкентте «Астана» қонақ үйінің, ал Астанада «Ташкент» қонақ үйінің құрылысы басталды" деп жазды Ақорда.

Жоғары мемлекетаралық кеңестің отырысында Тоқаев екі ел арасындағы сауда-экономикалық әріптестіктің дамуын атап өтіп, 2030 жылға қарай тауар айналымы 10 миллиард долларға жеткізу жоспары барын айтты.

Келіссөз соңында Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияев Қазақстан президентін ең жоғары "Достық" орденімен марапаттады. Бірігіп өткізген жиында екі президент бір-бірінің "даму жетістіктерін" атап өтіп, бір-бірін мақтады.

(Толықтырылады)

XS
SM
MD
LG