Тәжікстанда 15 жасар ұлын азаптап өлтірді деген ер адам 25 жылға сотталды

Тәжікстандағы Тұрсынзаде қаласының тұрғыны Парвиз Одинаев 15 жастағы ұлы Хусравты азаптау және өлтіру ісі бойынша 25 жылға сотталды. Бұл туралы Тәжікстан жоғарғы сотына сілтей отырып "Азия-Плюс" ақпарат агенттігі хабарлады.

Билік бұл іс бойынша ресми мәлімдеме жасамады.

"Азия-Плюс" ақпарат агенттігінің дерегінше, үкім алты күн бұрын шыққан.

"Прокурор 27 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған, бірақ судья Одинаевтың кәмелетке толмаған балалары барын ескеріп, жазаны екі жылға қысқартты" деді агенттік дереккөзі.

Қайғылы жағдай биыл шілде айында болған. Тергеу дерегі бойынша, Одинаев ұлы ақша ұрлады деп күдіктеніп, оны көлікке байлап, азаптаған. Салдарынан бала қаза тапқан.

Содан бір жыл бұрын Тәжікстан парламенті ата-аналардың балаларға зорлық-зомбылық көрсетуіне тыйым салатын түзету қабылдаған.

Ресми дерек бойынша, 2024 жылы кәмелетке толмағандарға қарсы 994 қылмыс тіркелген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 30 пайызға көп.