18 қараша кешкісін тергеушілер "Алға, Қазақстан" партиясын құру жөніндегі бастамашыл топ өкілі, белсенді Амангелді Жахиннің ұлының және кейін өзінің Астанадағы үйін тінтті. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлайды.
Белсендінің әйелі Зәуреш Жахинаның сөзінше, ұлының үйін тінту кезінде телефондар мен ноутбукты алып кеткен.
Ал тінтуге келген тергеушілердің бірі Азаттық тілшісіне "тінту шаралары заң бойынша жүргізіледі" деп қысқа қайырып, басқа ақпарат беруден бас тартқан.
Зәуреш Жахинаның айтуынша, күйеуі Амангелді Жахин бүгін, 18 қараша таңертең Ақмола облысындағы Шортанды қаласына кеткен. Қазір отбасы белсендіден хабар ала алмай отырғанын айтты.
Кейін Азаттық Жахиннің адвокаты Мейірхан Досқараевқа хабарласты. Қорғаушының айтуынша, Жахин Көкшетау қаласында қамауға алынған, белсендіге "Тыйым салынған ұйымның қызметіне араласу" бабы бойынша іс қозғалуы мүмкін. Досқараев белсендіге 20 қарашада баратынын жеткізді.
Ақмола облысының және Астана қаласының полиция департаменті әзірге белсендінің жағдайына қатысты мәлімдеме жасаған жоқ.
Амангелді Жахин – "Алға, Қазақстан" партиясын құру жөніндегі бастамашыл топ жетекшілерінің бірі. Олар бірнеше жылдан бері партияны тіркете алмай жүр. Әділет министрлігі "құжаттары қате" деп, белсенділердің өтінішін кемі 24 рет кері қайтарған. Жахин бұған дейін "бейбіт жиын өткізу ережесін бұзды" деп 20 күнге қамалған еді.
"Алға, Қазақстан" ұйымы жетекшілерінің бірі болған марафоншы, белсенді Марат Жыланбаев 2023 жылы "экстремистік ұйым жұмысына араласты, оны қаржыландырды" деген айыппен 7 жылға сотталған. Соттың ұйғарымы бойынша Жыланбаев "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы экстремистік ұйым деп танылғанын біле тұра Астана қаласы аумағында "ҚДТ" ұйымының қызметіне белсенді түрде араласып, Мұхтар Әблязов ұйымдастырған заңсыз митингілерге қатысқан.
2018 жылы Қазақстан соты шетелге қашқан банкир Мұхтар Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын (ҚДТ) "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған.
Белсенділер Амангелді Жахин, Бибігүл Иманғалиева, Марат Жыланбаев (солдан оңға қарай) "Алға, Қазақстан" ұйымының жиынында отыр. 2015 жыл.
Жыланбаев пен оның жақтастары тағылған айыптарды саяси астары бар деп жоққа шығарды. Ал Еуропарламент 2019 жылы наурызда қабылдаған қарарында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған.