Қамаудағы белсенді Айгерім Тілеужанды ауруханаға жатқызды

Әйгерім Тілеужан (сол жақта) мен адвокаты Айнара Айдарханова "Алматы әуежайын басып алу" ісі бойынша сот үкімін тыңдап тұр. Алматы, 11 шілде, 2023 жыл

"Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы әуежайын басып алу" ісі бойынша төрт жылға сотталған журналист, әрі белсенді Айгерім Тілеужанды ауруханаға жатқызды. Бұған дейін мұны белсендінің адвокаты мен құқық қорғаушылар талап етіп келген.

"Оны ГРЭС-тегі (Өтеген батыр ауылы) аудандық орталық ауруханаға жатқызды. Ем қабылдай бастады. Дәрігерге қаралып, анализ тапсырып жатыр. Анализдердің нәтижелерін күтіп отырмыз. Дәрігерлермен кездестім. Айгерімнің қолы кісендеулі, ал палатада тор тұр. Бірақ толық тексеру болатыны – прогресс. Денсаулығы нашарлағанын айта бастағалы сегіз ай болды. Көрсетілген қызмет (түрмедегі) сапасына күмән бар. Ол сол баяғы арықтаған күйінде, көзінің асты ісінген. Біз нақты мамандарды тартып, өз тарапымыздан анализ жасатқымыз келеді" деді адвокат Айнара Айдарханова.

Адвокат әлеуметтік желіде қорғауындағы адаммен кездестірмей жатқанын мәлімдеген. 17 қараша күні кешке Айдарханова Азаттық Азия редакциясына Айгерім Тілеужанмен жолығуға рұқсат берілгенін айтты.

Биыл қазан айында адвокат Айнара Айдархан Алматыдан 40 шақырым жердегі Жауғашты ауылындағы №10 әйелдер колониясында жазасын өтеп жатқан Әйгерім Тілеужанның денсаулығы нашарлап кеткенін айтып, дабыл қаққан. Ол Тілеужанға қамау мекемесінің медициналық көмегі жеткіліксіз екенін айтқан еді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Адвокат: Әйгерім Тілеужанның хәлі нашар, оны ауруханаға жатқызбай жатыр

Жауғаштыдағы №10 мекеме барлық сұрақты Алматы облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қоюға кеңес берді. Облыстық ҚАЖД мекеме басшылығына сұрақты жазбаша жолдау қажетін айтып, өзге жауап бермеді.

Кәсіби аудармашы, журналист әрі белсенді Әйгерім Тілеужан "Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы әуежайда тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айыппен 2023 жылғы 11 шілдеде 4 жылға сотталған. Ол өзіне тағылған айыптардың саяси астары барын айтып, жоққа шығарған.

Сот Әйгерім Тілеужанмен бірге тағы төрт адамды айыпты деп танып, әрқайсын 8 жылға бостандығынан айыру және жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтеу жөнінде үкім кескен. Оларға "тәртіпсіздік ұйымдастыру", "ғимаратқа шабуыл жасау", "көлікті айдап кету", "тонау" баптары бойынша айып тағылған. Сотталғандар үкімге келіспеді. Құқық қорғаушылар істің саяси астары бар деп біледі.

2023 жылғы 14 қарашада Алматы қаласының соты "Әуежайды басып алу" ісі бойынша шығарылған үкімді күшінде қалдырған. Ал 2024 жылы шілдеде Жоғарғы сот "Алматы әуежайын басып алу" ісін қайта қарауға "негіз жоқ" деп ұйғарым шығарды.

Қазақстандық құқық қорғаушылар Әйгерім Тілеужанды саяси тұтқын деп таныған. Өкімет елде саяси тұтқын да жоқ, саяси көзқарасына бола қудалауға түскен де ешкім жоқ дейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Куәгерлер сөзінен бас тартты". "Әуежай ісімен" сотталғандардың адвокаттары үкіммен келіспейді