Алматыда Қаңтар оқиғасына қатысты тағы 29 адам сотталғаны хабарланды

Алматының тергеу изоляторында Қаңтар оқиғасына қатысты тағы 29 адамға үкім оқылды. Elmedia сайты процесті іс жүзінде "Жұмагелдиев – Искаков" ісінің жалғасы деуге келеді деп жазды.

Биыл жыл басында Алматыда 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезіндегі "адам ұрлау", "билігін асыра пайдалану", "жаппай тәртіпсіздікке қатысу" қылмысына қатысы бар деген айып тағылған 44 адамға сот үкімі шыққан еді. Сот "Дикий Арман" деген лақап атқа ие Арман Жұмагелдиевке – 20 жыл, Алматы қалалық мәслихатының бұрынғы депутаты Қайрат Құдайбергенге – 8 жыл түрме жазасын кескен. Осы іс бойынша айып тағылған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 5-департаментінің бұрынғы бастығы Руслан Ысқақов 15 жыл 6 айға түрмеге қамалған еді.

Ал қазіргі процесс әу бастан ақ жабық өткендіктен іс туралы ақпарат аз. Elmedia-ның дерегінше, айыпталушыларға "ұйымдасқан қылмыстық топ құру" және "ұйымдасқан қылмыстық топтың ісіне араласу", "қарақшылық", "адам ұрлау", "жаппай тәртіпсіздік" бойынша айыптар тағылған. Сот айыпталушыларға 1-18 жыл аралығында түрме жазасын берген. Сотталушылардың барлығы "Дикий Арманға қатысы бар" деген күдікке ілінген және негізгі іс бойынша тергеу аяқталғаннан кейін ұсталған деп айтылады.

БАҚ-тың болжамынша, іс 2022 жылы Алматыдағы "Қазақстан" қонақүйінде болған оқиғаға қатысы болуы мүмкін. Ол кезде қандай да бір "штаб құрылып", олар сырттағы адамдарды "ұрлаған" деп айтылады.

21 қарашада Азаттық Алматы қалалық сотының баспасөз қызметіне хабарласты, әзірге жауап ала алмады.