Атырау соты 23 жастағы қызды өлтірді деп айыпталған екі адамға өмірлік түрме жазасын кесті

Яна Легкодимованың әлеуметтік желідегі фотосы

АЙЫПТАУ ҮКІМІ

Атырауда 23 жастағы Яна Легкодимованы өлтірген деген айып тағылған екі адамға 17 қарашада сот үкімі жарияланды деп хабарлады жергілікті "Ақ Жайық" басылымы. Асқан қатыгездікпен жасалып, қоғамда резонанс тудырған істі қараған судья Зарема Хамидуллина Ганюшкино ауданының тұрғындары - 24 жастағы Р.Х. мен 25 жастағы А.К. деген екі ер адам аса ауыр қылмыс жасағаны үшін өмір бойына бас еркіндігінен айырылсын, жазасын өте қатаң қамау мекемесінде өтесін деген үкім шығарған.

Сот екеуін Қылмыстық кодекстің "Топ адам болып алдын ала сөз байласып кісі өлтіру" (99-баптың 2-бөлімінің 7-ші және 8-тармағы) және "Топ адам болып алдын ала сөз байласып бөтен мүлікті қасақана жою" (202-баптың 2-бөлімінің 6-тармағы) қылмыстарын жасағаны үшін айыпты деп таныған. Бұлардың біріншісі "аса ауыр қылмыс", екіншісі – "ауыр қылмыс" саналады.

Бұған қоса сот кісі қолынан мерт болған қыздың анасы Галина Легкодимованың азаматтық талабын ішінара қанағаттандырып, сотталушылардың әрқайсынан моральдық шығын өтемі ретінде 15 миллион теңге және материалдық шығын ретінде 1 миллион 700 мың теңге өндіріп алуды міндеттеген.

Бұған дейін прокурор соттан айыпталушыларға ең ауыр жаза – өмір бойына түрмеге қамау жазасын сұраған еді.

ЖӘБІРЛЕНУШІ ТАРАП ЖӘНЕ АЙЫПТАЛУШЫЛАР

Галина Легкодимова сот үкімімен толық келісетінін айтқан.

“Менің қызым қайтып келмейді. Бірақ қызымның аты ақталды. Өйткені сотталушы Янаның өзіне шабуыл жасағанын айтты. Бастысы – олар жазаланды", – деген Галина Легкодимованың сөзін келтірді "Ақ Жайық" басылымы.

Айыпталушылар өздеріне тағылған айыптарды мойындағанымен, Р.Х. соттағы соңғы сөзінде "жас екенін" алға тартып, соттан жазаны жеңілдетуді сұраған. Ал А.К.-ның әкесі соттан баласының тікелей кісі өлтірмегенін, тек сыбайлас ретінде айыпталғанын ескеруді өтінген.

Адвокаттар айыпталушылардың өз кінәсін мойындауын жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде көрсетіп, соттан оларға жазаны жұмсартуды сұраған.

"АСҚАН ҚАТЫГЕЗДІКПЕН ЖАСАЛҒАН ҚЫЛМЫС"

Тергеу деректеріне сәйкес, 2024 жылғы 18 қазанда Яна Легкодимова танысы Р.Х. оған телефон шалғаннан кейін үйден шығып кеткен. Туыстарының сөзінше, тез ораламын деген оймен шыққан ол сырт киімін де алмай кеткен. Куәгерлер қызды соңғы рет Р.Х.-ның автокөлігінде көрген. Содан кейін ол хабарсыз кеткен. Іссапардан шұғыл оралған анасы қызының заттарын тауып, полицияға оны іздеуге арыз берген.

Яна Легкодимованың сүйегі сегіз айдан кейін – 2025 жылғы 20 маусымда Жайық өзені жағасынан табылды.

Тергеушілер қыздың күнделігінен Р. есімді азаматты жиі атап өткен жазбаларды тапқан. Кейінірек күдікті ретінде 24 жастағы Р.Х. мен 25 жастағы А.К. деген екі ер азаматты ұстаған. Тергеу нұсқасы бойынша, Р.Х. автокөлікте Янаны қылқындырып өлтірген, ал А.К. қыз қашып кетпесін деп есікті ұстап тұрған. Олар Янаны қала сыртындағы Талдықұл ауылы маңындағы өзгенге апарып тастаған.

Сот процесі кезінде "судья марқұмның сүйегінің бір бөлігі жоқ екеніне ерекше назар аударды" деп жазды Stan басылымы. "Қол-аяғы, жамбасы жоқ. Дененің басқа бөліктері қайда?" – деп сұраған судья айыпталушылардан.

Сот процесі барысында айыпталушылардың қылмысты алдын ала мұқият жоспарлап, оны асқан қатыгездікпен жасағаны дәлелденді деді судья. Бұған қоса олардың құқық қорғау органдары қызметкерлерін пара беріп сатып алу мүмкіндігін талқылағаны сот тергеуі барысында жарияланған жазбаларынан белгілі болды.

Тараптар сот үкіміне 15 күн ішінде апелляциялық шағым бере алады.