Түркістан облысы Жетісай ауданының Алғабас ауылындағы жер үйде шыққан, 12 адамның ажалына себеп болған өрт, алдын ала қорытынды бойынша, қасақана немесе қылмыстық іс-әрекеттен тұтанған деуге негіз жоқ. Мұны сәрсенбі күні Астанада өткен үкімет отырысында премьер-министрдің орынбасары, Алғабастағы өрттің себебін анықтау үшін құрылған үкімет комиссиясының жетекшісі Қанат Бозымбаев айтты.
Жиында сөйлеген үкімет басшысы Олжас Бектенов елде жылу беру маусымы басталысымен тұрғын үйдегі өрт оқиғалары жиілеп бара жатқанына назар аударды.
"Біз бұл мәселені қазан айында үкімет отырысында қарадық. Алайда, жағдайдың жақсарғанын әзірге көріп отырған жоқпыз", - деді ол.
Бектенов жергілікті әкімдіктерге тұрғын үйлерді, жатақханалар мен хостелдерді, халықтың әлеуметтік осал топтарының үйін аралап, рейдтер өткізіп, газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалану шараларын жүргізіп, өрттің алдын алуды тапсырды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Түркістан өңірінде бір әулеттің 12 адамы өрттен мерт болды, тоғызы – бала18 қарашада Алғабас ауылындағы екі қабатты жеке меншік үйде шыққан өрт салдарынан 12 адам мерт болды, тоғызы – кәмелетке толмаған бала, ең кенжесі - 2024 жылы дүниеге келген. Өрттен қатты зардап шеккен үш адам аурухана жеткізілген, кейінірек біреуі ес жиған. Бұлардың бәрі – бір әулеттің адамдары дейді ауылдастары.
Мезгілсіз ажалға душар болғандардың ішінде үш қыз бен екі ұл – бір үйдің балалары. Бес баласымен бірге әке-шешесі де қазаға ұшыраған. Өрт шыққан үйде болған бір бала - 2018 туған қыз аман қалған.
Басылымдар 1991 жылы туған үй иесі жүк көлігін жүргізіп, нәпақа тапқан, оның әйелі үй шаруасында болған деп жазды. Үй иелері әуелі мейрамханада өткен сүндет тойға қатысып, кейін туыстарымен бірге отбасылық мерекені үйде жалғастырған деп хабарлады Жетісай аудандық прокуратурасы. Таң алдында үйде өрт шығып, шатыры опырылып түскен.
Өртке не себеп болғанын анықталып жатыр. Полиция өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.