Көкшетау қаласының соты "Северный казах" ("Солтүстік қазағы") деген атымен белгілі блогер Аслан Төлегеновті 3 жыл 9 айға бостандығынан айырған. Мұндай ақпаратты Ақмола облыстық соты растады.
Сот өкілінің Азаттыққа айтуынша, процесс сотталушының өтініші бойынша жабық өткен. "Сондықтан үкім не басқа іс деректері жария айтылмайды", – деді ол сәрсенбі күні Азаттыққа.
Сотталушының туыстары я адвокаты сот үкімі жөнінде әзірге ешқандай пікір білдірген жоқ.
Бұған дейін қазақстандық журналист Михаил Козачков Төлегенов "ұлтаралық араздық қоздыру" және "көрінеу жалған ақпарат тарату" баптары бойынша жазаланды деп жазған. Ол telegram-арнасында "қысқартылған тәртіппен өткен сот құжаттарынан" деп жариялаған ақпарат бойынша, Төлегенов Youtube-те жариялаған бейнероликтері үшін жауапқа тартылған.
"Т.-тың мойындауынан бөлек, сот сарапшылар қорытындысына, ұялы телефонын, интернет-сайтын, бейнежазбаларды тексеру нәтижесі мен басқа да іс материалдары бойынша оның айыбы анықталған", – деген ақпарат жариялады Козачков. "Т. кінәсін толық мойындап, сотта келтірілген дәлелдерді жоққа шығармаған".
Сот үкімі заңды күшіне әлі енбеген.
Аслан Төлегенов биыл 25 шілдеде "Бұзақылық" айыбы бойынша 10 қамауда болып, оны өтеп шыққан соң екі ай мерзімге қайта қамалған. Оған қарсы "ұлтаралық араздық қоздыру" бабы бойынша іс қозғаған Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті сотқа дейінгі тергеу барысында ешқандай ақпарат бермеді. Төлегеновтің адвокаты тергеу деректерін жарияламау туралы қолхат бергендіктен журналистерге қылмыстық істің мән-жайын айтудан бас тартты.
Аслан Төлегеновтің YouTube-арнасына 180 мыңнан аса қолданушы жазылған еді. Қазір ол арна желіде ашылмайды.