Польша елдегі соңғы ресейлік консулдықты жаппақ

Ресейдің Гданьскідегі (Польша) консулдығы.

Польша ел аумағында жұмыс істеп келген Ресейдің соңғы консулдығына берген келісімін кері қайтарып алмақшы. Бұл туралы 19 қарашада Сеймде сөйлеген Польшаның сыртқы істер министрі Радослав Сикорский мәлімдеді. Ол ресми нота Ресей өкілдеріне сол күні табыс етілетінін айтты.

Сикорский Ресей консулдығын жабуды Варшава-Люблин теміржол желісін бүлдіруге берілген жауап шарасы деп атады. Польшада жүргізілген тергеу ол оқиғаны диверсия ретінде қарастырған. Бұған дейін билік теміржолды бүлдіруге күдікті Украина азаматтары, болжам бойынша, Ресей арнаулы қызметтерінің тапсырмасымен әрекет еткен деп хабарлаған. Мәскеу бұл айыптауларды жоққа шығарды.

Гданьскідегі консулдық жабылғаннан кейін Польшада қалатын жалғыз ресейлік дипломатиялық өкілдік – Варшавадағы елшілік болмақ. Ал Ресей Украинаға кең көлемді басқыншылық соғысын бастағанға дейін Польшада Ресейдің бірнеше консулдығы жұмыс істеген. Олардың саны біртіндеп қысқарып отырды. Ал Гданьскідегі консулдық жалғыз қалғанға дейін Познаньдағы консулдық Вроцлавтағы зауытты өртемек болған әрекеттен кейін жабылған. Польша билігі ол оқиғаны да Ресеймен байланыстырған еді.

Сикорский консулдықты жабу Польша билігінің диверсияға беретін жалғыз жауабы емес екенін айтты.

Ресей сыртқы істер министрлігінің өкілі Мария Захарова "Коммерсант" басылымына Ресейдегі "Польша дипломатиялық-консулдық өкілдіктерінің саны қысқартылатынын" хабарлады. Мәскеудегі Польша елшілігінен бөлек, Ресейде Иркутск қаласында Польша консулдығы жұмыс істейді.

Польша премьер-министрі Дональд Туск Варшавадан Люблинге және әрі қарай Украина шекарасына баратын теміржол желісінде 16 қарашада болған жарылысты "бұрын-соңды болмаған саботаж актісі" деп атады және оған кінәлілер "артында кім тұрса да" анықталады деді. Туск теміржол қасақана бүлдірілген болуы ықтимал және соның салдарынан пойыз рельстен шығып кеткен жағдайда адам қазасы болуы мүмкін еді деп мәлімдеді. Ол бұл оқиға Ресей Украинаға басып кіргелі бері Польша үшін ең үлкен қатер болғанын айтты.

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков 18 қарашада пікір білдіргенде: "болып жатқан гибридті және тікелей соғыстың бәріне Ресейді кінәлі етіп отыр" деді. "Егер бәрінен бұрын Ресейді айыптамаса, ол мүлде оғаш болар еді", — деген Песковтың сөзін келтірген "Интерфакс" агенттігі.