Польшаның мәдениет министрлігі мен сыртқы істер министрлігі Германиядағы аукционға Холокостқа қатысты заттарды саудаға шығармауды талап етті.Министрліктер бірлескен мәлімдемесінде "қылмыс құрбандарының естелігі – тауар емес, бұл моральдық, тарихи және адамгершілік жауапкершілік" екенін айтқан деп жазды money.pl басылымы.
Бұған қоса Варшава аталған заттарды қайтаруды "ешқандай шартсыз талап ететінін" мәлімдеді.
"Аукцион тоқтатылуы керек, ал саудаға қойылған заттарды өздерінің лайықты орнына – нацистік қылмыс құрбандар жайлы естелікке құрметпен қарап, сақтап, қастерлейтін мекемелерге қайтару қажет", – деген Польшаның мәдениет министрлігі мәлімдемесінде.
Холокост құрбандарын еске алатын Освенцим халықаралық комитеті де аукцион өткізетін үйді саудадан бас тартуға шақырды. Кейінірек Польшаның сыртқы істер министрі Радослав Сикорский бұл жағдайды германиялық әріптесі Йоханн Вадефульмен талқылағанын хабарлады. Осыдан кейін аукцион үйі өз сайтынан даулы лоттарды алып тастады.
Бұған дейін Frankfurter Allgemeine Zeitung басылымы Германиядағы Felzmann аукцион үйі Холокостқа қатысы бар құжаттар мен заттарды сатуды жоспарлап отырғанын хабарлаған. Олардың арасында Освенцим тұтқынының хаты, Дахау концлагерінде мәжбүрлеп стерилизация жасау туралы шешім, Маккейм геттосындағы еврейді өлім жазасына кесу туралы гестапо картасы, антисемиттік плакат және Бухенвальд концлагеріндегі Давид жұлдызы бар.
"Террор жүйесі. II том. 1933–1945" деп аталатын аукцион саудасы дүйсенбі, 17 қарашада басталуға тиіс еді. Бастапқы бағалар 350-500 еуро аралығында белгіленген.