"Атамекенімнен кетпеймін". Қазақстан Ауғанстаннан "қазақпыз" деп келгендерді азаматтықтан неге айырды?

Қазақстанға Ауғанстаннан көшіп келіп, азаматтық алған Айнуддин Муради өзін қазақпын деп атайды. Қазақстан соты оны азаматтығынан айыру туралы шешім шығарған.

Қазақстан билігі Ауғанстаннан келген, өзін "қандаспын" деп атайтын ондаған адамды қазақпыз деп жалған дерек ұсынған немесе қазақ екені дәлелденбеген деген уәжбен азаматтықтан айырған. Олар қазақ екенін алға тартып, істі қайта қарауды талап етеді. Құқыққорғаушылар үкімет ол адамдардың қазақ екенін растайтын дәлелдерін назарға алуға құлық танытпай отыр дейді.

Қандастар мәселесімен айналысып жүрген белсенділердің дерегінше, Қазақстанның бірнеше өңіріндегі соттар Ауғанстаннан "қазақпын" деп келіп, Қазақстан азаматтығын алған ондаған адамның азаматтығын жою туралы шешім шығарған.

Қазақстанның ішкі істер министрлігі 11 қарашада осы адамдардың ісі жайлы Азаттықтың сауалхатына берген жауабында "уәкілетті органдардан олардың қазақ ұлтына тиесілі еместігі жөнінде мәліметтер түсіп, бұл санаттағы адамдарға қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шаралар қабылданғанын" хабарлады.

"Тексеру нәтижелері бойынша, аталған адамдар "қандас" мәртебесін алу кезінде қазақ ұлтына тиесілі екендігін растайтын жалған құжаттар ұсынғаны анықталған. Аталған адамдарға қатысты Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалту фактісін тіркеудің заңдылығына байланысты бірқатар сот істері қаралды. Алайда талапкерлердің арыздары қанағаттандырылмай, Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалту фактісін тіркеу туралы шешімдер соттармен заңды деп танылып, күшінде қалдырылған", – деген ІІМ Азаттыққа берген жазбаша жауабында.

Министрлік бұл адамдар "өздерінің құқықтық мәртебесін реттеу үшін өз азаматтығы бар елдің уәкілетті органдарына шетелдік паспорт алу мақсатында жүгініп, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ел аумағында болуын заңдастыру қажет. Келешекте олар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, жалпы тәртіппен Қазақстан азаматтығына қабылдануға өтініш беруге құқылы" деп түсіндірді.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі бұл мәселе өз құзырына жатпайтынын айтты.

"АТА-БАБА ЖЕРІН АҢСАП КЕЛДІМ". АЙНУДДИН МУРАДИДІҢ СЕРГЕЛДЕҢІ

Айнуддин Муради – Қазақстанға шетелден "қазақпын" деп келіп, осы елдің азаматтығын алған, бірақ кейін Қазақстан соты азаматтығын жойған ондаған адамның бірі. Ауғанстанның Құндыз уәлаятындағы Имам Сахиб ауданында, Тәжікстанмен шекараға жақын жердегі ауылда туып-өскен ол 2016 жылы Ауғанстаннан Қазақстанға білім алуға келген. Әуелі бір жыл Алматыдағы әл-Фараби атындағы ұлттық университеттің дайындық курсында оқып, кейін Қарағандыдағы техникалық университетке түскен. Сол шақта ол Азаттыққа сұхбат берген еді:

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ «Ауған қазағы атамекенге қайтқысы келеді»

Айнуддинның сөзінше, ол Қарағандыда оқып жүріп "қандас" мәртебесін, ал 2019 жылы Қазақстан азаматтығын алған.

– Атажұртыма орналастым деп қатты қуандым. Ауғанстаннан екі інімді алып келдім, олар да азаматтық алды. Бірі оқуын бітіріп, жұмысқа тұрды, екіншісі әлі оқып жатыр. Өкінішке қарай, қуанышымыз ұзаққа бармады. 2022 жылы Ауғанстаннан бізді "қазақ емес" деп көрсеткен қағаз келді. Билік орындары бізді тексеріп, оның қорытындысы бойынша, қазақ екеніміз расталды, сонымен бәрі тынышталғандай еді, – дейді Айнуддин.

Ол Қарағанды облысы полиция департаментінің 2024 жылғы 7 маусымдағы шешіміне сай Қазақстан азаматтығынан айырылғанын шешім шығып қойғаннан кейін бір-ақ естіген. Айнуддин Мурадидің ұлты қазақ емес, өзбек екені анықталғанын алға тартқан полиция департаменті оның азаматтығы жойылатыны жөнінде шешім шығарған, бірақ оны Мурадидің қолына табыс етпеген.

– Көші-қон полициясына барғанымда, олар сен жайлы осындай нота түсті деп, менен түсініктеме жазып алды. Мен нотаға келіспейтінімді, 2022 жылы да осындай нота келіп, ол жалған болып шыққанын айттым. Көші-қон полициясы сотқа жүгінуге кеңес берді, – деді ол.

Айнуддин Мурадидің шағымын қараған Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты 2025 жылғы 13 мамырдағы шешімімен облыстық полиция департаментінің Айнуддин Мурадиді Қазақстан азаматтығынан айыру туралы шешімінің күшін жойған. Сот қаулысында талап-арыз иесі жалған құжат ұсынды деген дерек дәлелденбегені, қазақ тілі – Мурадидің ана тілі деп көрсетілген "тазкераны" (Ауғанстан азаматы туралы ресми құжат – ред.) оған бергенін Ауғанстанның уәкілетті органы растағаны жазылған. Оған қоса, сот құжатында Ауғанстанның Қазақстандағы елшілігі Айнуддин Мурадидің ата-анасының ұлты қазақ екені жазылған 2024 жылғы 30 қыркүйекте берілген анықтаманы растағаны айтылған.

Ауғанстан халқының жартысынан астамы - пұштулар, мемлекет тілі – пұшту және дари тілдері. Елдің солтүстігінде тәжіктер, хазарлар және түркітілдестер – өзбек, түркімен, қазақ, қырғыз сынды саны аз басқа да ұлт өкілдері бар.

Алайда 2025 жылғы 9 қыркүйекте Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының алқасы Айнуддин Мурадидің өзінің азаматтығын жойған облыстық полиция департаментінің шешіміне қарсы берген апелляциялық шағымын қанағаттандырмай тастады. Сот Айнуддин Муради Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін ауыстарған жеке куәлігінде жасын екі жылға кеміткен, ал ұлтын – қазақ, ана тілін – қазақ тілі деп көрсеткені шындыққа сай емесі, оның және ата-анасының ұлты – ауған екені, олар өзбекше сөйлейтіні анықталды деген ұйғарым жасаған.

Облыстық сот алқасы Қазақстанның Кабулдағы елшілігі Айнуддин Мурадидің ресми түрде Ауғанстан азаматтығынан шықпағанын хабарлады деп көрсеткен. Сөйтіп, облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 13 мамырдағы шешімінің күшін жойған. Яғни, облыстық полиция департаментінің Айнуддин Мурадидің азаматтығын жою жөніндегі шешімін заңды деп тапқан.

Айнуддин Муради (жеке архивіндегі фото)

Айнуддин азаматтығы тоқтағаннан кейін жұмыстан да шығып қалғанын, жеке сәйкестендіру нөмірінен (ЖСН) айырылып, банк шоттары жабылып, тұрмысы қиындап кеткенін айтты.

– Мені де, інілерімді де азаматтықтан шығарып тастады. Қазір менде ешқандай құжат жоқ, ешкім жұмысқа алмайды. Кейбір жерде қара жұмыс табылса, күнделікті соған жалданам, ондай жоқ болса бос, табыссыз отырам, – деп қынжыла әңгімеледі ол.

Бейресми деректерге сәйкес, Ауғанстанда тұратын қазақтардың басым бөлігі Қазақстаннан өткен ғасырдың 30-жылдары, совет билігі тұсында кеткен қазақтардың ұрпағы. Қазір Ауғанстанның Мазари-Шариф, Құндыз аймағында саны аз қазақ диаспорасы тұрады. 1979 жылы совет әскері Ауғанстанға басып кірген кезде қазақтардың біраз бөлігі Иран мен Түркияға өтіп кеткен.

Айнуддиннің әке-шешесі Ауғанстанда қалған. Олар да Қазақстанға келуге екі-үш мәрте талпынғанымен сәті түспеді дейді өзі.

– Ауғанстандағы халық негізінен пұшту және дари тілінде сөйлейді, ал бірақ біз отбасында ана тілімізде – қазақша сөйлейміз. Інілерім де қазақша сөйлейді, оған өздеріңіз көз жеткізе аласыздар. Әкем "ана тіліміз – намысымыз, ол болмаса болашағымыз не болмақ, Ауғанстандағы аз қазақ жойылып кетеміз ғой" деп үнемі айтып отырады. Аз қазақ болсақ та ана тілімізді, салт-дәстүрімізді ұмытқан жоқпыз. Бізде атастыру деген бар, сол дәстүр бойынша үйленіп, отбасымды осында алып келгем. Қазақстанда туған, осы елдің азаматы кішкентай балам бар, – деді Айнуддин.

Айнуддин Муради Ауғанстан мен Қазақстан бизнес-форумында жүр. Астана, 25-26 сәуір, 2024 жыл (Айнуддин Мурадидің жеке архивіндегі фото)

Өзін қазақпын деп атайтын жігіт азаматтықтан айырылғаны оған қатты соққы болғанын айтты.

– Жалпы, Ауғанстаннан, Моңғолиядан я Қытайдан болсын, Қазақстанға келген қандастардың бәрінде атамекенге деген сағыныш бар, олар мұнда өз еліме еңбек сіңіріп, үлес қоссам деп келген. Өзім де сондай арман-тілекпен келдім. Алғаш Алматыға ұшақтан түскенімде еліме, ата-баба жеріне жеттім-ау деген қуаныштан жылағым келген. Ал енді мынадай жағдайға тап болғаным маған өте ауыр соқты. Мұндай болады деген ешқашан ойыма да келмеген еді. Әрине, елім, жұртым, тарихи Отанымнан ешқайда кетпеймін, ол үшін қандай қиындық болса да дайынмын, ақырына дейін күресем, – деді Айнуддин Муради.

"ҰЛТЫ ҚАЗАҚ ЕМЕС"

"Elsana Amanat" қоғамдық қорының директоры Бақыт Сарайдың сөзінше, 2023 жылы Ауғанстанды билеп отырған тәліптер үкіметінен келген әлдебір тізімдегі адамдар "қазақ емес" деп көрсетілген. Қазақстан билігі сол құжатқа сілтеп, қазірге дейін бала-шағамен қосқанда бірнеше ондаған адамды Қазақстан азаматтығынан айырып тастағалы отыр, сот процесі әлі жалғасып жатыр дейді құқыққорғаушы.

Азаттық "қазақ еместер" тізіміне байланысты Қазақстанның бірнеше құзырлы органына сауал жолдағанымен, мардымды жауап ала алмады. Ол мәселе жайлы ресми әрі толығырақ ақпаратты редакцияға түскен бір сот құжаттарынан оқып-білдік. Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты былтыр маусым айында шығарған ұйғарымында елге Ауғанстаннан келіп, қандас деп танылған және Қазақстан азаматтығын алған екі адамның шын мәнінде қазақ емес екені және қазақ екеніне дәлел болатын құжаты жоғы айтылған. 2021 жылғы 21 желтоқсанда Қазақстан азаматтығынан айырылған 136 адамның арасында бұл екеуі де бар деп жазылған сот құжатында.

Бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаменті заңсыз көші-қон ұйымдастыру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғап, кейбір адамдардың жалған мәліметтер негізінде азаматтық алғанын анықтаған. Сол тізімге бұл екі азамат та енген. Кейін олардың шыққан тегі туралы мәліметтерді нақтылау үшін Қазақстанның Кабулдағы елшілігі мен Ауғанстанның сыртқы істер министрлігіне сұрау салған. Ауғанстан билігінен келген жауапта тізімдегі адамдардың ұлты "өзбек", "ауған" деп көрсетіліпті. Ол екеуі елшіліктер берген ресми жауаптарға келіспей, өздерін азаматтықтан айырған шешімнің күшін жоюды сұрап, сотқа талап-арыз түсірген. Бірақ әкімшілік сот оны қараудан бас тартқан.

Алматы облысының ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 20 маусымдағы шешімінен үзінді:

"Қазақстанның Ауғанстан ислам республикасындағы елшілігінен жауап келіп түсті, онда аталған екі тұлғаның ұлты қазақ емес екені айтылған. 2024 жылғы жауапқа сәйкес, біреуінің ұлты – "өзбек". Екінші тұлға бойынша мәліметтерде оның ұлты "ауған" деп жазылған. Ішкі істер министрлігінің "Бүркіт" жүйесінде де оның ұлты қазақ емес екені көрсетілген".

"ҚАЗАҚСТАННАН БАСҚА ҚАЙДА БАРАДЫ?"

"Elsana Amanat" қорының директоры, құқыққорғаушы Бақыт Сарай Қазақстанның түрлі өңірінде көші-қон қызметі ел азаматтығынан айыруға сұрап, ісін сотқа бергендердің арасында Қазақстанға көшіп келгеніне оншақты жылдан асқан адамдар бар дейді.

– Бұл оқиға 2005 жылы келген ауған қазақтарының мәселесі екен. 2024 жылы маған Алматы қаласынан Ауғанстаннан көшіп келген қандастарымыз "бізді он бес жылдан кейін Қазақстан азаматтығынан айырды" деп хабарласты. Ол кісілердің ісімен содан бері айналысып жатырмыз. Ішкі істер министрлігінде және Сыртқы істер министрлігінде Ауғанстан билігі ол кісілерді "қазақ емес" деп көрсеткен құжат бар екен, яғни әлгі мекемелер соған сүйеніп, оларды азаматтықтан айырыпты.

– Ал сонда әу баста азаматтық берілген кезде оларда құжат болмаған ба, әлде азаматтық қате берілді ме?

– Жо-жоқ, ол кісілер келген кезде қолында "тазкера" болған. Бұрын ол қағаз құжат түрінде, ал қазір біздегі жеке куәлік сияқты құжат. Сонда ұлты қазақ деп анық жазылған. Ал қазір көші-қон полициясы Ауғанстаннан кейіннен келген нотада олардың ұлты қазақ емес, ауған екені көрсетілген дегенді алға тартып отыр. Ал бұл кісілер сол Ауғанстаннан өздері туралы мәлімет алғызған қағазда ондай ештеңе көрсетілмеген. Сонымен қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екені жайлы кесімді шешім шығара алмай отыр. Ең соңында бізге: жарайды тіпті "тазкера" болмаса, онда неке куәлігін әкелсін деп айтты. Ауғанстанда бұл кісілер неке куәлігін сот шешімі бойынша алады екен, сол куәлікте кім екені, ұлты, жасы нешеде – бәрі көрсетіледі екен. Бұлар Қазақстанға көшіп келмей тұрып, 20-30 жыл бұрын үйленген адамдар, сол кезде ол елде некесі қиылғаны туралы неке куәлігі қолында бар. Соны әкеліп, Қазақстан сотына тапсырып, апелляцияға арыз бердік. Бірақ әзірге соттан да, ІІМ-нен де жауап жоқ.

– Неліктен 15 жылдан кейін азаматтықты қайтарып алмақшы? Мұндай бастамаға не себеп болды?

– Ішкі істер министрлігі Ауғанстаннан Сыртқы істер министрлігіне келген әлгі "қазақ емес" деген құжатқа сүйеніп, себебі сол деп отыр ғой.

– Қазір Ауғанстаннан қазақпыз деп келген неше адам осындай проблемаға тап болды?

– Өте көп, былтыр істерімен танысқанымда, азаматтықтан айыру туралы сот шешімі шыққан 250 адам бар екен. Не себепті осындай деп сұрағанымда, "бұл кісілер қайтыс болған адамдардың құжатымен келген" деді. Ондай мәлімет нақты ма, қайдан алдыңыздар деп сұрадым. Олар "бізге Ауғанстаннан солай айтты" деп жауап берді. Ал қандастар болса, Ауғанстанда қарадай жүріп өлгенше, сондай амалға баруға мәжбүр болдық дейді. Қазір олардың отбасында 8-10 баладан бар. Ауғанстанда олардың балалары оқи алмайды деп қорқады.

– Олардың ендігі тағдыры не болмақ? Қазақстанда қаламыз деп отыр ма?

– Қазақстанда қалады ғой, себебі олар Ауғанстан азаматтығынан шығып, осында біржола қоныс аударып, Қазақстан азаматтығын алған ғой, арасында осында көшіп келгеніне 15-20 жыл болған қандастар бар. Олар енді басқа қайда барады?

– Олардың қазақ я қазақ емес екенін Қазақстан үкіметі қалай анықтайды? Сотта оның бір алгоритмі айтылды ма?

– Қазір айтып жатыр ғой, генетикалық сараптама жасаймыз деп, соны жасаса деп отырмыз. Оны сотта да айтпақшымыз, қазіргі заманғы озық технологияларды пайдаланып, сараптама жасатып анықтасын. Содан басқа амалымыз қалған жоқ, себебі біз заң жүзіндегі барлық тиісті құжаттарды әкеп тапсырдық. Соның өзінде мойындамай отыр.

– Бұл проблеманың қандай шешімі бар деп ойлайсыз?

– Қазір Қазақстан үкіметі Ауғанстанмен экономикалық байланысты дамытып жатыр ғой, ендеше сол жақтан бұлардың қазақ екенін дәлелдеген құжаттарын алғызсын. Болмаса қандастардың қолындағы заңды құжаттарын мойындасын. Мысалы, біздегі билік орындары Ауғанстанның осындағы өкілдіктері берген құжаттарды мойындамайды, неге десеңіз, "олар сатып алынған" дейді. Ал оған дәлел бар ма? Егер бар болса, нақты сол адамды жазаласын. Бірақ бір құмалаққа бола бір қарын майды шірітудің, басқа қазақтардың тағдырын байлаудың қажеті жоқ. Біздегі сыртқы және ішкі істер министрліктері мұны өте жақсы біледі, бірақ әлгі Ауғанстаннан келген деген сол бір нотаға қарап отыр. Ал сол қағазды қандастардың өздері де алғызған, онда олар жайлы әлгіндей ешбір мәлімет жоқ. Екі ортада сот орындаушылары қалып отыр. Біз қазір апелляция сотына қатыса алмай, кіре алмай отырмыз.

"ҚАЗАҚ ЕКЕНІН ЖЕРГІЛІКТІ КОМИССИЯ АНЫҚТАЙ АЛАДЫ"

Қандастардың көші-қон мәселесімен көп жылдан бері айналысып жүрген қоғам белсендісі Ауыт Мұқибек тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстан шеттен келгендерден қазақ екенін дәлелдеуді талап етпегенін, әлемнің түрлі елінен атамекенге көшіп келгендерді жаппай қабылдап, азаматтық бергенін еске салды. Ал кейіннен шетелден қоныс аударған қандастардың шыққан тегін анықтау жайлы талап пайда болды дейді ол.

Ауыт Мұқибек

– Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2024 жылғы 31 шілдедегі № 282 бұйрығымен бекітілген ресми қағидатта жеке басын куәландыратын құжаттарда ұлты кім екені көрсетілмеген адамның ұлтын жергілікті органдар жанынан құрылған арнаулы комиссия анықтайды деп белгіленген. Бұл жерде Қазақстанға келгеннен кейін сол адамның ұлтын анықтау туралы айтылып тұр. Ол өзінің ұлтын анықтауды сұрап комиссияға өтініш беріп, комиссия оның қазақ екенін растап шешім шығарса, ол адам осында тұрақты тіркелуге және Қазақстан азаматтығын алуға құжат өткізе алады. Бірақ сондай комиссиялар қанша отырыс өткізгені, неше адамды қазақ деп танығаны жайлы менде ешқандай ақпарат жоқ.

– Ауғанстаннан "қазақпыз" деп көшіп келіп, Қазақстан азаматтығын алған адамдардың қазақ емес екенін қалай анықтап, біліп жатыр?

– Қазақстан азаматтығынан шығарып тастаған 125 адамның тізімі қолымда бар. Солардың біреуінің айтуынша, Қазақстан соты біздің елдің Ауғанстандағы елшілігінен "бұлар қазақпыз деп жалған құжат жасатып, сонымен Қазақстанға барып, азаматтық алған" деп келген хатқа сүйеніп, оларды азаматтықтан айыру туралы шешім қабылдаған, тіпті кейбірінің ісін сырттай қарап, шешім шығарып тастаған. Олардың алды келген жағына қайтып кетті, біршамасы осында жүр, азаматтықтан шығып қалған соң жеке сәйкестендіру нөмірінен (ЖСН) айырылып, банк шоттары жабылып, тұрмысы қиындап кеткенін айтып, жылап-еңіреп маған да келіп тұрады.

Ауыт Мұқибек 2021 жылғы күзде, Ауғанстанда билік басына "Талибан" қозғалысы келгеннен кейін Қазақстан үкіметі арнаулы ұшақ жіберіп, Ауғанстаннан елге алдырған 35 адам түгелдей Қазақстан азаматтығына ие болғанын айтты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстан жәрдем сұраған 35 қазақты Ауғанстаннан атамекенге жеткізді

– Ал Қазақстан үкіметі сол адамдардың қазақ екенін қалай анықтады дейсіз ғой? Иранның Бендер-Түркімен қаласындағы қазақтардың "Бұхараи" мешіті жанындағы қамқоршылар кеңесінің "бұлар – қазақтар" деп берген хатына сүйеніпті, түсінесіз бе? Мешіт арқылы анықтапты! Оны маған Иранның Горган қаласындағы бас консулымыз жазды. Бұл адамдар бұрын Ауғанстаннан босқын ретінде барып, біраз уақыт Иранда тұрыпты. Қазір Қазақстанда бақытты өмір кешіп жатыр деді ішкі істер министрлігі. Ендеше, ақыры мешіттің қағазы бойынша қазақ деп таныған екенсіздер, онда Ауғанстаннан келген мына қандастарға да сол елдегі мешіттен қазақ екенін растайтын қағаз алдырып, жергілікті комиссияның шешімімен ұлтын анықтайық, елім, жерім деп келген бұларды жылатпайық дегім келеді біздің сыртқы істер министрлігімізге, – дейді Ауыт Мұқибек.

Биыл тамыз айында Пәкістан билігі Ауғанстанға күштеп қайтармақ болған жүздеген адам "ата-тегіміз қазақ, бізді атамекенге көшіріп алыңдаршы" деп Қазақстан үкіметінен көмек сұрап үндеу жасаған еді. Олар Пәкістанға Ауғанстаннан босып барғанын айтқан. Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров ол адамдардың мәселесін сыртқы істер министрлігі шеше алмаса, БҰҰ Босқындар жөніндегі комиссарына өтініш жазып, бұған халықаралық қауымдастықтың назарын аударуға шақырған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Пәкістан үкіметі қырын қарап отырған ауған қазақтары Астанадан жәрдем сұрады

Кейін Саиров осы мәселе бойынша сыртқы істер министрлігі өкілдерімен кездескенін, нақты екі бағыт бойынша жұмыс басталғанын хабарлаған. Қазан айының аяғында Пәкістан мен Ауғанстан шекарасындағы кезекті қарулы қақтығыстардан кейін Пәкістан полициясы жаппай тінтуі жүргізіп, ұстап әкеткен адамдардың арасында өздерін қазақпыз деген босқындар да болған деген ақпарат әлеуметтік желіде тараған еді.

Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері, ресми дерек бойынша, шетелден атамекенге 1 млн 159,1 мың қазақ көшіп келген. Олардың арасында Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Ресей, Түркіменстан сияқты көршілес елдермен бірге Ауғанстан, Иран сияқты алыс шетелдерден қоныс аударған қандастар да бар.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ауғанстанда қанша қазақ тұрады?