Түркістан өңірінде бір әулеттің 12 адамы өрттен мерт болды, тоғызы – бала

Жетісай ауданы Алғабас ауылындағы өрт шыққан үй. Түркістан облыстық әкімшілігінің баспасөз қызметі таратқан фото

Түркістан облысы Жетісай ауданы Алғабас ауылындағы жекеменшік үй өртеніп, 12 адам қаза болды, тоғызы – кәмелетке толмаған бала. Өрттен қатты зардап шеккен үш адам аурухана жеткізілген. Бұлардың бәрі – бір әулеттің адамдары дейді ауылдастары. Үкімет өрт себебін анықтау үшін комиссия құрды.

СУЫҚ ХАБАР

Алғабас ауылындағы қос қабатты жеке меншік тұрғын үй өртеніп жатқаны туралы суыт хабар өртке қарсы қызметке 18 қараша күні таңертеңгі сағат бес жарымнан өте түскен.

Өрт сөндірушілер ол жерге жеткен сәтте үй толық отқа оранғанын көрген. Бір адам өртенген үйден өз күшімен сыртқа шыққан.

"Барлау және өртті сөндіру барысында үйден ес-түссіз жатқан үш адам табылып, жедел жәрдем бригадасына тапсырылды. Үйдің ішінен 12 адам өлі табылды, оның тоғызы – бала", – деп хабарлады Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

360 шаршы метр аумақты қамтыған өрт толық сөндірілді деп хабарлады төтенше жағдайлар қызметі. Өрттің неден шыққанын анықтау үшін тергеу амалдары басталған.

"Өртеніп жатқан үйден өз күшімен шыққан, 1986 жылы туған ер адамның денесінің 12 пайызы күйген, оның жағдайы ауыр деп бағаланып отыр. 1991 жылы және 2018 жылы туған тағы екі адамның денесі тиісінше 30% және 11% күйген, олар аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылып, жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Оларға жедел көмек көрсетуге Шымкенттен тікұшақпен медицина бригадасы ұшып шықты", – хабарлады сейсенбі күні үкімет.

Облыс әкімшілігі telegram-арнасында жариялаған өртенген үйдің суретінен ғимараттың екі қабатындағы терезелердің сыртынан темір тор орнатылғанын байқауға болады. Әдетте тұрғындар мұндай торды қауіпсіздік және ұрлықтан қорғану мақсатында қояды.

"БІР ӘУЛЕТТІҢ АДАМДАРЫ"

Кейінірек облыс әкімшілігі өрттен қаза тапқан тоғыз бала туралы деректерді жариялады. Билік ақпаратына сай, олар 2009, 2010, 2012, 2015, 2017, 2019, 2021 және 2024 жылы дүниеге келген. Осылардың ішінде үш қыз бен екі ұл – бір үйдің балалары. Бес баласымен бірге әке-шешесі де қазаға ұшыраған.

Көршілерінің сөзінше, өрт салдарынан мерт болған тоғыз баланың ата-аналары бірге туған ағайынды адамдар деп жазды жергілікті басылымдар. Үй иелері әуелі мейрамханада өткен сүндет тойға қатысып, кейін туыстарымен бірге отбасылық мерекені үйде жалғастырған деп хабарлады Жетісай аудандық прокуратурасы.

Азаттық сөйлескен Алғабас тұрғындарының айтуынша, өрт шыққан үйдегі отбасы ауылға осыдан бірер жыл бұрын көшіп келген. Екі қабатты жаңадан салынған бұл үй ауылдың шеткері жағында тұрған деді олар.

Қазақстан президентінің көмекшісі – баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісай ауданындағы жеке үйде болған өрттің салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты көңіл айтты деп хабарлады.

"Үкімет пен Түркістан облысының әкіміне зардап шеккен азаматтардың туған-туыстарына барлық қажетті көмек көрсетіп, қайғылы оқиғаны жан-жақты тексеруді тапсырды", – деп жазды Желдібай Ақорданың telegram-арнасына.

Жетісай ауданындағы көп адамның ажалына жеткен өрттің себебін анықтау үшін үкімет комиссиясы құрылды. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев төрағалық ететін комиссия құрамында төтенше жағдайлар, ішкі істер, денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері, Түркістан облысы әкімдігі өкілдері бар. Жергілікті билік орындарына өрт құрбандарын жерлеу рәсіміне көмек беру тапсырылды.

Түркістан облысы әкімдігі өрттен зардап шеккендерге медициналық және психологиялық көмек көрсетіліп жатқанын хабарлады.