Ұлыбритания үкіметі көші-қон саясатын қатаңдатып, елге заңсыз келген мигранттардың тұрақты тұруға рұқсат алу мерзімін 5 жылдан 20 жылға дейін ұзартпақ. Бұл туралы ішкі істер министрі Шабана Махмуд The Sunday Times басылымына берген сұхбатында айтты.
Министрдің сөзінше, мұндай шешім пана сұраушыларға "алтын билет" беру тәжірибесін тоқтатуға және елдегі заңсыз көші-қон ағынын тежеуге бағытталған.
Жаңа ережелерге сәйкес:
- Ұлыбританияға заңсыз келген мигранттарға тұрақты тұруға рұқсат алу үшін 20 жыл күтуге тура келеді – бұл Еуропа елдері арасындағы ең ұзақ мерзім;
- жаңа заңды бағдарламалар бойынша елге келетін босқындарға тұрақты тұруға рұқсат күту мерзімі 10 жыл болып белгіленеді;
- босқын мәртебесі тұрақты берілмейді – ол әр 30 ай сайын қайта қаралатын болады.
Министр Шабана Махмуд үкіметтің көздеп отырғаны – "елді біріктіру және шекараларды бақылауды қалпына келтіру" деп мәлімдеді.
The Sunday Times Ұлыбританияның жаңа жоспары Даниядағы реформаларға ұқсас деп жазды. Ол елде пана сұрап берілген өтініш саны кейінгі 40 жылдағы ең төмен деңгейге түскен, ал өтініштердің 95 пайызын Дания үкіметі қанағаттандырмай тастаған.