Yle: Финляндия саяси баспана сұраған вагнерлікті елден шығарды

Финляндия шекарадан заңсыз өткен Ресей азаматын елден шығарды деп хабарлайды Yle басылымы. Басылымның жазуынша, Ресей азаматының аты-жөні Евгений. Ол соғыстан қашып, Финляндиядан баспана сұраған ЧВК "Вагнердің" бұрынғы мүшесі деп айтылады.

Шекарашылар депортацияланған адамның соғыста болғанын растады. Оны елден шығару туралы шешімді көші-қон қызметі қабылдаған. 14 қарашада сақшылар Ресей азаматын Ниирала шекара бекетіне дейін жеткізген.

Ресей азаматы биыл 17 маусымда шекарадан заңсыз өткеннен кейін ұсталған. Yle басылымы оның Украинаның шығысында соғыста жүрген кезде түскен суретін тапты. Әлеуметтік желілерде ол өзін "Вагнердің" жауынгері ретінде таныстырады. Оның аккаунттарынан Ресей әскери басшылығын сынаған видеолар да табылды. Финляндияға келгеннен кейін Ресей азамат халықаралық қорғау жөнінде өтініш берді.

Кремльшіл журналист Кости Хейсканеннің айтуынша, ұсталған адамның шын аты-жөні Жаслан Мустаханов, Евгений Шпартун деген атпен де танылған.

"Медиазонның" жазуынша, Мустаханов 1992 жылы Омбыда дүниеге келген және алты рет сотталған. 2023 жылы күзде "зергерлік дүкенді тонады" деген күдікке ілініп, алты жыл түрмеге кесілген. Оның соғысқа қалай тап болғаны белгісіз.