Украинаның батысындағы Тернополь қаласына Ресей күштері жасаған шабуыл салдарынан қаза тапқандар саны 26 адамға жетті, олардың үшеуі – бала. 90-нан астам адам жараланған, олардың арасында балалар да бар. Бұл туралы Украина Ұлттық полициясы хабарлады.
19 қарашаға қараған түні Ресей әскері Украинаның батыс өңірлеріне әуеден шабуыл жасады. Харьков қаласы да жаппай дрон шабуылына ұшырады.
Тернопольде тоғыз қабатты тұрғын үйдің бір бөлігі қирап, тағы бір тоғыз қабатты үйде өрт шыққан. Украина президенті Владимир Зеленський қаза тапқандар саны көбеюі мүмкін екенін мәлімдеді. Украинаның дерегінше, тұрғын үйге Ресейдің Х-101 зымыраны түскен.
Львов қаласында Ресейдің зымыран және дрон қолданып жасаған шабуылынан кейін ірі өрт болған, зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ. Энергетика нысаны, қоймалар мен ағаш өңдеу кәсіпорны зақымданған. Украинаның батысындағы Ровно және Ивано-Франковск облыстары да шабуылға ұшыраған. Ивано-Франковск облысында үш адам жараланған, екеуі – бала.
Польша Ресейдің шекара маңындағы өңірлерге шабуыл жасағанына байланысты жойғыш ұшақтарын әуеге көтерді; Польша әуе кеңістігін шолитын НАТО елдерінің жойғыштары да әуеге көтерілді. Ресей дрондары немесе зымырандары шекараны бұзған деген хабар түскен жоқ.
Украинаның энергетика министрлігі Ресей шабуылдары салдарынан бірнеше өңірде электр қуаты ажыратылды деп мәлімдеді.
Харьковте Ресей шабуылынан тұрғын үйлер мен өзге де азаматтық нысандарға зақым келген. Жергілікті биліктің сәрсенбідегі дерегінше, 40-тан аса адам зардап шеккен.
Зеленскийдің айтуынша, жалпы алғанда, Ресей Украинаға қарсы 470-тен астам әскери дрон мен түрлі типтегі 48 зымыранын ұшырған.
Ресейдің қорғаныс министрлігі шабуылдар "қорғаныс-өнеркәсіп кешені мен энергетика нысандарын", сондай-ақ "Украинаның батыс облыстарындағы алыс қашыққа ұшатын дрондар сақталатын қоймаларды" нысанаға алған деп мәлімдеді. Ресей әскери министрлігінің хабарламасында "шабуыл мақсаты орындалды, нысанаға алынған нысандардың бәрі жойылды" деп жазылған.