Accessibility links

Зеленский АҚШ-тың жаңа бейбітшілік жоспары жөнінде: қатаң мәлімдеме жасамаймыз


Украина президенті Владимир Зеленский бейсенбі күні кешке Америка делегациясымен кездескеннен кейін тараптар “Американың жаңа бейбітшілік жоспарының пункттерін әрі қарай да талқылай береді, Украина ол бойынша әзірге қатаң мәлімдеме жасамайды” деп мәлімдеді.

Ол Америка делегациясына Украина үшін не маңызды екенін түсіндіргенін атап өтті.

Оның сөзінше, Украинаға оның егемендігіне нұқсан келтірмейтін және Ресей басқыншылығының қайталануына жағдай жасамайтын бейбіт келісім керек.

“Қатаң мәлімдеме жасамаймыз және нақты, әділ жұмыс істеуге ниеттіміз – Украина, АҚШ және біздің Еуропа мен әлемдегі достарымыз бен әріптестеріміз” деді президент.

Ол жуық арада АҚШ президенті Дональд Трамппен сөйлесуге ынталы екенін айтты.

“Американың күші мен Американың қолдауы бейбітшілікті жақындатуы мүмкін екенін түсінеміз және одан айырылғымыз келмейді” деді Зеленский.

Ол Ресей жыл бойы соғысты жалғастырып, уақыт ұтуға және өзіне қарсы жаңа санкцияны шегерткізуге тырысып баққанын айтты.

Бұған дейін батыстың бірқатар басылымдары дереккөздерге сүйене отырып, АҚШ-тың жаңа бейбітшілік жоспары туралы жазған.

"Трамптың әкімшілігі жасаған соғысты аяқтау жоспарында Украина Донбасс аймағын Ресейге беріп, әскері мен қаруын азайтатыны жазылған" деп хабарлады 19 қарашада The Financial Times, Reuters, Axios басылымдары дереккөздеріне сілтеп.

Бұған қоса, жоспарда "Украина жеріне шетелдік әскерилер орналастырылмайды және Киев енді алысқа ұшатын ракеталарды алмауы тиіс. АҚШ пен Еуропа елдері Донбасс пен Қырымды Ресейдікі деп мойындайды" деген талап та бар. Ал АҚШ Украина мен Еуропаға қауіпсіздік кепілдігін береді

Бұл жоспар негізінен Ресейдің жыл басынан бері айтып келе жатқан талаптарына үндес.

XS
SM
MD
LG