Италияның кассация соты Балтық теңізіндегі "Солтүстік ағын" газ құбыры желісінде болған жарылысты үйлестірген деген күдікке ілінген Украина азаматы Сергей Кузнецовты Германияға экстрадициялау туралы шешімді күшінде қалдырды. Мұны адвокат Никола Канестрини хабарлады деп жазды ТАСС агенттігі.
Кузнецовты Германияға экстрадициялау туралы шешімге қарсы берілген апелляция шағымы осымен екінші рет қаралды. Алғашқы жолы кассациялық сот істі жаңа құрамда қайта қарауды ұйғарған. Нәтижесінде Украина азаматын экстрадициялау туралы шешім қайта қабылданды. Қорғау тарапы ол шешімге келіспей, шағым түсіріп, істі қарау барысында заң бұзуға жол берілгенін көрсетті.
Канестринидің сөзінше, енді Кузнецовты 10 күн ішінде экстрадициялауға тиіс.
Бұған дейін адвокат оның қорғауындағы азамат 31 қазаннан бастап аштық жариялағанын, "ол негізгі құқықтары сақталуын, соның ішінде дұрыс тамақтану, салауатты ортада болу, түрмеде лайықты жағдайда отыру, отбасы мүшелерімен кездесу және ақпарат алу мәселесінде құқығы өзге тұтқындармен тең болуын талап етіп жатқанын" айтқан. Канестринидің сөзінше, Кузнецов биыл тамыз айында қамауға алынғаннан бері қажетті диетамен қамтамасыз етілмей, денсаулығы нашарлаған.
Украина азаматы Сергей Кузнецов Германияның федералдық прокуратурасы оны қамауға алу туралы еуропалық ордер шығарған соң бірер күннен кейін Италияның Римини қаласында ұсталған. Ол — "Солтүстік ағын" құбырындағы диверсия ісі бойынша алғаш ұсталған күдікті. Германияда оған "теракт жасау" және өзге де бірнеше бап бойынша айып тағылған. Кузнецоы өзіне тағылаған айыпты мойындамай отыр.