Accessibility links

Қарағанды облыстық соты Қосай Маханбаевтың моральдық өтемақы туралы талабын орындамады


2022 жылғы 5 қаңтарда Қосай Маханбаев қаладағы жаппай наразылық кезінде аяғына оқ тиіп жараланған. Алматы, 29 қазан, 2025 жыл
2022 жылғы 5 қаңтарда Қосай Маханбаев қаладағы жаппай наразылық кезінде аяғына оқ тиіп жараланған. Алматы, 29 қазан, 2025 жыл

Қарағанды облыстық сотының алқасы 18 қарашада Алматы тұрғыны Қосай Маханбаевтың апелляциялық шағымын қарады. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде жараланған және кейін сотталған Маханбаев қамауда тиісті мерзімінен заңсыз ұзақ ұсталғаны үшін үкіметтен моральдық өтемақы талап еткен. Оның адвокаты Айнара Айдарханованың Азаттық Азияға хабарлауынша, сот алқасы бірінші сатыдағы сот шығарған Маханбаевтың талабын ішінара қанағаттандыру жайлы шешімді жойып, өтемақы төлеуден толықтай бас тартқан.

Соттың уәжі бойынша, Маханбаевқа рақымшылық қолданылғандықтан, оның қамауда отырған мерзімі "заңды" деп танылған. Ал рақымшылық актісі ақтауға негіз болып саналмайды, сондықтан оған моральдық зиянды өтеу құқығын бермейді деген сот алқасы.

"Сот алқасы талапкерге моральдық зиянды өтеу құқығы бар деген бірінші сатыдағы соттың шешіміне келіспейді. Қылмыстық-процестік кодекстің 37-ші және 38-баптарына сәйкес, рақымшылық немесе кешірім қолданылған жағдайда моральдық зиянды өтеу қарастырылмайды. Бұл істегі алты жыл сегіз айға белгіленген негізгі жаза рақымшылық бойынша тоқтатылғанымен, бұл адамды ақтауға негіз болмайды. Сондықтан, сот алқасы оны қылмыстық жауапкершілікке заңсыз тарту фактісі жоқ деп есептейді", – деп түсіндірді облыстық сот.

Сот сонымен қатар Маханбаевтың қамаудан мерзімінен кеш босатылуына байланысты жаза атқару жүйесі органдарына, солардың қызметкерлерінің іс-әрекетін заңсыз деп тану жайлы талаппен арыздануға кеңес берді.

Адвокат Айдарханова облыстық соттың шешімін "өте заңсыз" деп атап, рақымшылық қылмыстық істің өзіне қатысты екенін, талапкер арызында оны қозғамағанын айтты.

"Бұл шешім мені айран-асыр етті. Әрине, жоғарғы орынға шағым түсіреміз. Біздің уәжіміз бен алғашқы сатыдағы сот шешіміне келіскен прокурордың қорытындысына қарамастан, сот алқасы моральдық өтемақыны өндіру туралы арызды қанағаттандырудан толық бас тартып, бізді таңқалдырды. Біз Қосайдың қылмыстық ісі мен сот үкіміне қарсы дауласып тұрған жоқпыз ғой. Қылмыстық-процестік кодекстің 308-бабында заңсыз қамауда ұстаудан келген моральдық зиянды өтеу құқығы нақты бекітілген. Біз нақ соны талап еткенбіз", – деді адвокат.

"Біз рақымшылықтың қылмыстық іске қатысты екенін, ал біздің талабымыз тек қана заңсыз қамауда ұстау мерзіміне байланысты екенін түсіндірдік. УПК-ның 308-бабы — заңсыз қамауда ұстаудан келтірілген моральдық зиянды өтеу құқығын нақты бекітеді. Соған ғана сүйенгенбіз», — деді ол.

18 маусымда бірінші сатыдағы сот Қосай Маханбаевтың Қаржы министрлігіне қарсы талабын ішінара қанағаттандырып, оны үкім жарияланғаннан кейін екі ай тоғыз күн заңсыз қамауда ұсталды деп таныған және сол үшін оған моральдық зиян ретінде өтемақы төлеуді міндеттеген.

Алматы қаласының тұрғыны Қосай Маханбаев 2022 жылғы 5 қаңтарда қаладағы жаппай наразылық кезінде аяғына оқ тиіп жараланған. Ол өзін билік өкілдері ауруханадан тергеу изоляторына күштеп жеткізіп, азаптағанын айтқан. Маханбаевтың азапталғаны туралы берген шағымы бойынша қозғалған істі тергеу орындары "кінәлілерді анықтау мүмкін емес" деген желеумен тоқтатып, Маханбаевтың адвокаттарына кейін бір-ақ хабарлаған.

2024 жылдың маусымында бірінші сатыдағы сот Қосай Маханбаевты бір жыл тоғыз ай мерзімге бостандығынан айырған. Апелляциялық сот жазаны бір жыл сегіз ай етіп қысқартқан. Адвокат Айнара Айдарханованың айтуынша, апелляция шешімі күшіне енгеннен кейін дереу босатылуға тиіс болған Маханбаевты қамауда ұстаған.

Маханбаев мемлекеттен 50 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы талап еткен. 2025 жылғы маусым айында алғашқы сатыдағы сот оның талабын ішінара қанағаттандырып, моральдық зиянды өтеу құқығын мойындағанымен, өтемақы мөлшерін 2 миллион теңге деп белгілеп, қысқартқан. Бұл шешімге келіспеген Маханбаев апелляцияға жүгінген еді.

XS
SM
MD
LG