Қазақстанның сыртқы істер министрлігі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Газа секторында қақтығысты тоқтатуды көздейтін АҚШ ұсынған бейбіт жоспар жайлы қабылдаған қарарын құптайтынын білдірді.
"Америка Құрама Штаттары мен президент Дональд Трамптың, сондай-ақ атысты тоқтату туралы келісімге қол жеткізілуіне маңызды үлес қосқан басқа елдердің күш-жігерін жоғары бағалаймыз. Қарардың қабылдануы – Газа секторындағы жағдайды шешуге, тараптар арасындағы сенімді қалпына келтіруге және Таяу Шығыстағы тұрақты бейбітшілікке бағытталған маңызды қадам", – деген ресми Астана мәлімдемесінде.
АҚШ президенті Дональд Трамп ұсынған жоспарда Газаны демилитаризациялау үшін Халықаралық тұрақтандыру күштерін құру және аумақты басқарудың өтпелі құрылымдарын қалыптастыру қарастырылған. Қарарды Қауіпсіздік кеңесіне мүше 15 елдің 13-і қолдап дауыс берді. Ресей мен Қытай қалыс қалды, екеуі де вето құқығын қолданған жоқ. Газа секторын бақылауда ұстап келген палестиналық ХАМАС (АҚШ пен Еуроодақ елдері террорлық ұйым деп таныған) қарар қабылданғаннан кейін көп ұзамай оған қарсы екенін мәлімдеді.
Қарарда Палестина мемлекетінің құрылу перспективасы жайлы да айтылған. Араб елдерінің талабымен құжатқа енгізілген бұл тармаққа Израиль қарсы болды.
Қазақстан "аумақтық тұрғыдан біртұтас Палестина мемлекетін құруды көздейтін, "екі халық үшін екі мемлекет" формуласына негізделген Таяу Шығыс мәселесінің бейбіт, кешенді және орнықты шешілуін үнемі қолдайтынын" білдірді.
Астана "Ибраһим келісімдері аясында барлық серіктестермен, соның ішінде процестегі негізгі дәнекерлермен сындарлы түрде өзара әрекеттесуге және жағдайды тұрақтандыруға, халыққа гуманитарлық колдауды арттыруға және ұзақ мерзімді саяси процеске жағдай жасауға бағытталған халықаралық күш-жігерге одан әрі үлес қосуға дайын" екенін де айтқан.
Осыдан екі аптадай бұрын, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа сапары кезінде, Астана Израиль мен Араб елдері арасындағы қатынасты реттеуді көздейтін Ибраһим келісіміне (Авраам келісімі деп те аталып жүр) қосылады деп мәлімдеген еді.